Атырау полициясында 20 отбасылық жұп қызмет етеді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау қалалық полиция басқармасында 20 отбасылық жұп жұмыс істейді. Олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуы үшін қызметте жүріп бақытты жанұя құрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау полициясында 20 отбасылық жұп қызмет етеді

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, солардың бірі – Әлібек пен Бағдат Қайырғалиевтердің отбасы.

«Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық университетін бітірген Әлібек 2016 жылы ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқан. Ал, Бағдат – ҚР Ішкі істер министрлігі Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының түлегі. Екеуі бір-бірін осы салада кезіктірген», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір екеуі де Атырау қалалық Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. Олар былтыр отау құрып, енді тұңғыш сәбиін күтіп жүр. Жалпы, Полиция басқармасында ерлі-зайыпты 20 жұп қызмет етеді.

«Біздің атқаратын қызметіміз де, көзқарасымыз бен қызығушылығымыз да бір аранға тоғысып жатады. Күнделікті атқарған жұмысымызды талдап, бір-бірімізге кеңесімізді береміз. Отбасылық жұптың бір салада жұмыс істегенінің артықшылығы көп. Өйткені жұмыс бабында бір-бірімізге көмектесіп, қиналған сәтте қолдау көрсетуге мүмкіндік бар» -дейді Әлібек Қайырғалиев.