Атырау прокуратурасы алданған үлескерлерді қорғады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда арам ниетті үй салушы пәтерлерін беруден бас тартқан үлескерлер құқығын прокуратура қорғады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Атырау прокуратурасы алданған үлескерлерді қорғады

 «Атырау қаласының прокуратурасы Нұрсая шағынауданында салынып жатқан заңды пәтерінен айырылып қала жаздаған 29 үлескердің шағымын қарады. Анықталғандай, шағымданушылар көптен күткен жаңа пәтер кілтін 2016 жылдың мамыр айында алуы тиіс болған. Алайда салушы компания түрлі себептермен пәтер тапсыру мерзімін соза берген және кейінірек екі мекеме арасында түсініспеушілік туындағанын айтып, шарттың бір бөлігі жарамсыз деп, пәтер беруден мүлдем бас тартқан. Аталған факті бойынша салушы фирма қызметін тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, «Андора констракшн» ЖШС бастапқыда үлестік құрылыс тәртібі мен ережелерін бұзғаны анықталды. Осыдан кейін тиісті шаралар қабылданып, 29 үлескердің 25-і пәтерлерін алды», - деп хабарлады Атырау қ. прокуратура бөлімінің аға прокуроры Ерлан Какиев.

Сонымен бірге, прокуратура қалған төрт үлескердің пәтер құжаттарын 100% ақы төлеген соң алатынын айтты.