Атырау саябағында модульдік үлгідегі стационарлық бекет ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен Жайық өзені жағалауындағы Жастар саябағында алтыншы стационарлық бекет ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау саябағында модульдік үлгідегі стационарлық бекет ашылды

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, модульдік типтегі стационарлық бекеттер қаланың адамдар көп шоғырланатын жерлерінде орналасқан. Қазір бес бекет тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері модульді стационарлық бекеттердің кезекші қызметкерлеріне түрлі мәселелер бойынша 500-ге жуық азамат жүгінген.
Полиция департаментінің басшысы атап өткендей, өңір бойынша модульдік үлгідегі тағы 19 бекет орнату жоспарланып отыр. Оның 10-ы Атырау қаласында, қалғандары жеті аудан орталықтарында ашылады.

«Жалпы, қабылданған шаралар нәтижесінде, облыс көлемінде барлық бағыттардағы, соның ішінде қоғамдық орындарда құқықбұзушылықтар саны екі есеге төмендеп, жалпы қылмыстық құқықбұзушылықтардың ашылу көрсеткіші жақсарды», - деді Қамза Үмбетқалиев.
Оның сөзінше, облыс әкімдігінің қолдауымен 2020 жылға жоспарланған 34 учаскелік полиция пунктерінің бүгінгі күні 28-і ашылды. Құқық бұзушылыққа жедел ден қою, аумақтың тұрғындары үшін учаскелік инспекторы үнемі қолжетімді болу мақсатында, салынған учаскелік полиция бекеттерінің 22-сі тұрғын үймен біріктірілген.
Бүгінде облыс аумағында 92 учаскелік полиция пунктері қызмет атқарады. Олардың 27-сі облыс орталығында орналасқан. Қосымша алты учаскелік полиция пунктін ашу қарастырылуда.
Облыс бойынша учаскелік полиция инспекторларының штат саны 232 бірлікті, оған қоса көмекшілері 71 бірлікті құрап отыр. Олардың барлығы 100% заманауи техникамен: портативті бейнетіркеуіштермен, радиостанциялармен және планшеттермен қамтамасыз етілген.

Атырауда Жастар саябағы ашылғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.