Атырау соты баланың орнына әкесін жазалады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау соты баласы жасаған жол-көлік оқиғасы үшін оның әкесін жазалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында кәмелеттік жасқа толмаған азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралды. Жас жігіт көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ бола тұра, өзінің автокөлігін Атырау қаласының Гагарин көшесінде мініп жүрген. Ол жол жүру ережесін бұзып, тиісті ара қашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан автокөліктерге соқтығысқан. Солайша, көліктерге материалдық залал келтірген.
Құқық бұзушының кінәсі іске тіркелген өзінің түсініктемесімен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамасымен және басқа да іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді.
Сот кәмелетке толмаған жас жігітті кінәлі деп танып, оның табысы болмауына байланысты заңды өкілі - әкесіне айыппұл салынды», деп хабарлады Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының баспасөз қызметі.