Атырау сотының ұйғарымымен кәмелетке толмаған 4 бала әкесімен бірге тұратын болды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау сотының ұйғарымымен кәмелетке толмаған 4 бала әкесімен бірге тұратын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау сотының ұйғарымымен кәмелетке толмаған 4 бала әкесімен бірге тұратын болды

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жерін өзгерту туралы азаматтық іс қаралды.

Талап арыз беруші С.-ның айтуынша, әйелі Ж.-мен арадағы заңды некесі бұзылған. Ал, кәмелетке толмаған төрт баланың тұрғылықты жері анасымен деп айқындалған. Алайда, осы кезге дейін балалар әкесінің тәрбиесінде болған. Балалар әкесімен бірге тұруды қолайлы көрген.

«Сот ісін жүргізу барысында ата-анасы мен балаларының мүдделеріне сәйкес келетін шешім қабылдау мақсатында дауласқан тараптарды татуластыру жұмысы атқарылды. Судьяның татуластыру рәсімін жүйелі жүргізуінің нәтижесінде азаматтық істі медиация тәртібімен реттеу туралы тараптардың келісімі бекітілді. Келісімнің шарттары бойынша кәмелетке толмаған төрт баланың тұрғылықты жері әкесімен бірге болатыны бекітілді. Өз кезегінде талап қоюшы келісімде айқындалған уақытта анасының балаларымен кездесуіне кедергі келтірмеуге міндеттенді», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот тараптарға дауды медиация тәртібінде реттеудің заңды салдарларын түсіндірді. Сот ұйғарымымен медиациялық келісім бекітіліп, азаматтық істі жүргізу тоқтатылды.

Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда кішкентай балақайдың денесі балабақшадан көгеріп келгенін хабарлаған едік.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев аталған жайттың бақылауға алынған.

«Атыраудағы «Зейнеп Әмина» балабақшасындағы жағдайға байланысты мәселенің тиісті орындар бақылауында екендігін айтқым келеді. Қазіргі уақытта жағдайды жан-жақты зерделеу бойынша Атырау облыстық білім беру басқармасы, Атырау қалалық білім бөліміне тапсырмалар бердім», -деп хабарлады Жасұлан Бисембиев.