«Атырау» танкері суға түсірілді

АҚТАУ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат. /Анаргүл Төлегенова/ - «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық компаниясының тапсырысымен жасалған «Атырау»  танкері суға түсірілді,

«Атырау»  танкері суға түсірілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Каспий айлағындағы шет елдік кемелердің қатарында Қазақстан меншігіндегі мұнай танкерлері де бой көрсете бастады.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық компаниясының тапсырысымен алдымен «Астана», кейіннен «Алматы» және «Ақтау» танкерлері жасалған болса, енді Ресейдің Нижний Новгород қаласында жаңадан жасалып шыққан «Атырау» танкері суға түсірілді.

Бұл «Красное Сормово» зауытында жасалған  қазақстандық мұнай тасымалдайтын танкер 13 мың тоннадай жүк көтере алады.

Ұлттық танкердің суға түсірілу салтанаты қуанышты сәт болды.

Жаңа танкердің суға түсірілуін зауыт қызметкерлері де, тапсырыс беруші қазақстандықтар да көп күткен болатын. 

Кеменің «тұсауын» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова кесті. Ол су жаңа танкердің болашақта ел экономикасына өзінің үлкен үлесін қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар жаңа танкердің жұмысына, ондағы команданың еңбегіне сәттілік тіледі.

«Красное Сормово» зауытының бас директоры Николай Жарковтың айтуынша,   «Атыраудың» сапасы жоғары, барынша автоматтандырылған. Аталмыш  зауытта «Қазақтеңізкөлікфлоты» компаниясының тапсырысымен  тағы екі танкер жасалуда.

Қос кеме 2010 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Келісімшарттың жалпы құны 66 млн. долларды құрайды.

«Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық компаниясының бас директоры Марат Ормановтың айтқанына сүйенсек,  келешекте 60 мың тонна жүк көтеретін кемелерге де тапсырыс берілмек.