Атырау тұрғындары Наурыз мерекесінде асық атып, қой көтерді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғындары Наурыз мерекесінде асық атып, қой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау тұрғындары Наурыз мерекесінде асық атып, қой көтерді

Бүгін Атырау қаласының шағын аудандарында Наурыз мерекесіне арналған бірнеше іс-шара өтті. Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры алдында өткен іс-шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

«Наурыз мерекесі адамдарды ұлт пен дінге, діл мен тілге бөлмей, керісінше қайырымдылық, ізгілік және мейірім сынды ізгі қасиеттерге біріктіреді. Осыдан болар, аталған құндылықтарды қанына сіңірген қазақ ұлты үшін бұл күн ерекше әспеттеледі. Бабаларымыз Ұлыстын ұлы күнінде бір-біріне деген өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне жақсылық тілеген. Қыстан қымтырылып шыққан әлсіздердің шаруасына көмектесіп, бұлақ көздерін ашып, тал егіп игілікті істер істеген. Күн мен түн теңесіп, байтақ дала көктем шуағымен нұрланатын Наурыз – жыл басы, жақсылықтың бастауы. Құт-берекенің арқауы – Наурыз əр шаңыраққа молшылық сыйласын! Еліміз өркендей берсін!», -деді Махамбет Досмұхамбетов.

Ал, «Ретро парк» саябағында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Оны тамашалауға жұртшылық көп жиналды.

Мұнда киіз үй тігіліп, түрғындар арасында түрлі ұлттық спорт түрлерінен сайысқа қатысты. Тұрғындар арқан тартысты. Балуандар ортаға қазақша күресті көрсетті. Кейбірі асық атып, ләңгі тепті. Қой көтеріп, білек күшін сынап көрді.

«Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жеңіске жеткендерге дипломдар мен қой табыс етілді. Боз кілем үстінде қазақша күрестен бақ сынаған палуандар жеребе суырып, қарсыластарын анықтады. Жиналған жұртшылықтың делебесін қоздырған бұл тартысқа толы белдесулерде Дулат Бәгеновтің жұлдызы жоғары болды. Қой көтеру бәсекесінде Алпамыс Аймұратов жеңімпаз атанды. Ол қойды 2 минутта 87 рет көтерді», -деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін бүгін атыраулықтар қоғамдық көлікте тегін қатынап жүргенін хабарлаған болатынбыз.