Атырау тұрғындарынан «Берекелі бастама» бағдарламасына 45 ұсыныс түскен
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғындарынан «Берекелі бастама» бағдарламасына 45 ұсыныс түскен. Бұл туралы Атырауға келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қайырбек Өскенбаев «Q88» урбанистер қауымдастығы мен жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге Атырау қаласын дамыту мәселесін талқылады.
Министрдің айтуынша, қалалардың инфрақұрылымын жақсартуды көздейтін «Берекелі бастама» бағдарламасы іске қосылған.
«Атырау – жаңа бағдарлама іске қосылған алғашқы қалалардың бірі. Жергілікті тұрғындардан елді-мекеннің инфрақұрылымын жақсарту жөнінде 45 ұсыныс түсті. Тұрғындардың дауыс беруі арқылы ең өзекті бастамалар таңдалады. Ең көп дауыс жинаған жобалар қаланы дамыту жөніндегі Жол картасына енгізіледі», -деді Қайырбек Өскенбаев.
Министрдің мәліметінше, Q88 урбанистер қауымдастығымен бірлесіп қала құрылысы, қалаларды дамыту және инклюзивті орта құру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру көзделген.
«Осы бағытта аумақты кешенді дамыту стандарттарының жинағы дайындалып жатыр. Оған 6 кітап пен 4 каталог кіреді. Жинақты осы жылдың жаз айларында шығару жоспарланып отыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін құжатқа ведомстволық бұйрық негізінде қол қойылады», -деді министр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау қаласын дамыту қалай іске асатынын хабарлаған едік.