Атырау тұрғыны екі жылдан бері алаяқтан 1,3 млн теңгесін қайтара алмаған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 24 жастағы тұрғын екі жылдан бері алаяқ әйелден 1 млн 350 теңгесін қайтара алмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 3 қараша күні №2 қалалық полиция бөліміне 24 жастағы тұрғын шағым түсірген.

«Жәбірленуші арызында 2019 жылғы 4 тамызда 32 жастағы азаматшаның Береке мөлтек ауданынан екі бөлмелі пәтер алып беремін деп, 1 млн 350 мың теңгесін алғанын көрсеткен. Содан бері пәтерді де алмаған, алаяққа берген ақшасын да кері қайтармаған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде 1989 жылғы әйелді ұстады. Тексеру барысында 32 жастағы азаматшаның үстінен бұрын 11 адамның алаяқтық қылмысы үшін арызданғандығы белгілі болды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда өзін банк қызметкерімін деген алаяқ Атырау тұрғынының 1,5 теңгесін жымқырғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар