Атырау тұрғыны үйінің жанынан әскери граната тауып алды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда жергілікті тұрғын ауласында жер қазу жұмыстары кезінде ескі тоттанған «Ф-1» әскери гранатасын тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше сағат 21.27-де Атырау қаласындағы Морозов көшесінде орналасқан жекеменшік үйдің маңындағы жер қазу жұмыстары кезінде ер адам ескі тоттанған әскери гранатаны тауып алған.
«Арнайы іс-шаралар барысында тот басқан «Ф1» қол гранатасы екені анықталды. Саперлер оны полигонға апарып, жару арқылы жойып жіберді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ», деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.