Атырау тұрғыны Жайық өзеніндегі судың жасыл түсіне алаңдаушылық білдірді

None
Видеодан алынған кадр: Артур Зайнуллиннің әлеуметтік желідегі парақшасы
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны Жайық өзеніндегі судың жасыл түсіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау қаласының тұрғыны Артур Зайнуллин әлеуметтік желіге Жайық өзенінің жағалауындағы ахуал туралы видео жүктеді. Оның айтуынша, өзен суы жасыл түске боялған.

«Бүгін, 17 тамыз, Жайық өзенінің жағасы. Мынау сыр ма, химия ма, белгісіз. Бүкіл жағалау осындай. Бүгін таңертең Жайығыма түсе алмадым. Бұл не болуы мүмкін? Бұл – балдыр емес. Біртүрлі сыр сияқты, химия сияқты», -дейді Артур Зинуллин желідегі парақшасында.

Осы дерекке байланысты облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметі Жайық өзенінен су сынамасы алынғанын мәлім етті.

«Әлеуметтік желіге жүктелген видеожазбаларға мониторинг жүргізілді. Департаменттің зертханалық-талдама бақылау бөлімінің мамандары Жайық өзенінің Атырау қаласындағы Көкарна шағынауданы тұсынан су сынамасын алды. Сынаманы талдау қорытындысы кейін хабарланады» -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Бұдан бұрын Атырау тұрғыны Аслан Омаров Жайық өзенінің түбінде «сенбілік» өткізген еді.

Оның айтуынша, екі сағатта су астынан 50 метрдей аумақ тазаланған. Нәтиже адам шошырлықтай болған. Су астынан тас байланған капрон тор, салмағы ауыр тастар, шіріп кеткен темірлер, целлофан, пластик құтылар шыққан.

«Ақ Жайығымыздың түбі қоқысқа толып қалыпты. Біз тазалаған қоқыстар біраз жылдан бері жатып қалған. Осынша қоқысты көріп, жағамды ұстадым. Табиғатты ластап жатқанымызға шошыдым. Бұл – менің қоқысым емес. Бірақ, бұл өзен – біздің Ақ Жайығымыз», - деп жазды ол.


Соңғы жаңалықтар