Атырау тұрғыны Жайық өзенінен алып жайын ұстады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны Жайық өзенінен алып жайын ұстады. Жайынның салмағы 30 келі тартады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Атыраулық әуесқой балық аулаушының бірі – Ленар Муборакшаев. Бірнеше жылдан мұнайлы шаһарды қақ жара ағып жатқан Жайық өзенінен балық аулайды. Жақында оның қармағына алып жайын түсті.

«Балық аулаудың өзіндік қызығы көп. Біріншіден, таза ауада демаласың. Екіншіден, уақытыңды тиімді өткізесің. Өзенге қармақ салған балықшылар алып балық ұстағанды қалайды. Алайда, бұл – сирек кездесетін жайт», -дейді Ленар Муборакшаев.

Әуесқой балықшы Жайық өзенінен аулаған жайынның салмағы – 30 кило, ұзындығы – 1,5 метрден астам.

Сарғыш түсті алып жайын алыстан қарасаңыз, алтын түске боялғандай. Жайынды Жайықтан тартып шығару оңай болмады. Дегенмен, судан маржан сүзудің қыр-сырын жетік меңгерген Ленар Муборакшаев қармағына түскен олжасынан айырылған жоқ.

«Қазір Жайық өзенінде сазан, жайын, өзге де қара балықтар бар. Бірақ бұрынғыдай емес, балық мүлдем азайғаны байқалады. Кейде қармаққа ештеңе түспеуі мүмкін. Балық та әркімнің несібесіне қарай қармаққа түседі. Осындай алып балықты қабуы ғажап емес. Жайынды Жайық өзенінің қаланың орталығындағы бөлігінен ауладым», -дейді Ленар Муборакшаев.

Биылғы көктемде Атырау балықшылары 200 келі тартатын алып қортпа аулаған еді.

Алып қортпаны мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында 19 сәуірде «Амангелді атындағы» ЖШС-нің балықшылар бригадасы Жайық өзеніндегі «Кіші Дамбы» тартымынан аулады. Бағалы балықты аулауға «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-нің қызметкерлері де қатысты. Су маржанының салмағы шамамен 200 келіге жуық. Бағалы қортпа бекіре балықтарын өсіру зауытына жеткізілді.

Кейін одан табиғи мекен ету ортасына жіберу үшін орташа салмағы 15 граммды құраған 729 мың шабақ алынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Жайық өзеніне 3,5 млн бекіре тұқымдас балық шабағы жіберілгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар