«Атырау» волейбол клубы суперкубок иегері атанды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – «Атырау» волейбол клубы суперкубок иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суперкубок үшін матч Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІ ел чемпионатының бірінші туры аясында өтті.

Биыл ел чемпионы атанып, кубокты қоса ұтып алған атыраулықтар мен Алматының «Буревестник» командасы алаңға шықты.

Рафаиль Гилязутдинов жаттықтыратын алматылықтар бұған дейін үш жыл қатарынан суперкубокты ұтып алған болатын. Биыл ел кубогы үшін финалда олар атыраулықтарға жол берген еді.

Бұл жолы да матч өте тартысты өтті. Бірінші партияда алматылықтар 25:22 есебімен басым түсті. Әйтсе де содан кейін Виктор Козиктің шәкірттері ойын тізгінін өз қолына алды – 28:26, 25:16, 25:23.

Осылайша, 3:1 есебімен жеңіске жеткен атыраулықтар биылғы суперкубок иегері атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Алматыда ерлер арасында ел чемпионаты басталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар