Атырау және Павлодар облыстары Ұлттық қор қаражатын бөлуде заңнаманы бұзды - Сұлтанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау және Павлодар облыстары Ұлттық қордан берілген қаражатты бөлуде бюджет заңнамасын бұзған.
Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысы жылдық жоспарға 100 пайызға жуық игерілді. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және тұрғын үй құрылысын, білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражат толық көлемде пайдаланылды», - деді ол.
Дегенмен, министрдің дерегінше, Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен жобалардағы Қазақстан Республикасының үлесін қаржыландыру бойынша шығыстар 0,4 млрд. теңгеге атқарылмаған. Оған бюджет қаражатын үнемдеу мен жобаларды іске асыру кезіндегі баға айырмасы негізгі себеп болған.
«Жергілікті деңгейде де мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру қарқыны жоғары - 98,7 пайыз. 3,2 млрд.теңге, оның ішінде трансферттер бойынша 2,9 млрд. теңге, кредиттер бойынша 0,3 млрд.теңге атқарылмады, оның 0,9 млрд.теңгесі - үнемдеу», - деді Сұлтанов.
Бұл ретте ол трансферттер бойынша игермеудің ең үлкен сомасы Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарына тиесілі екендігін атап өтті.
Айта кетейік, Қаржы министрлігі таратқан мәліметтерге сәйкес, игерілмеген трансферттің 856,7 млн.теңгесі Ақмола облысының Бұланды ауданында индустриялды инфрақұрылым салу бойынша өтпей қалған конкурстар мен орындалмаған жұмыстарға байланысты.
354,5 млн.теңгесі Қостанай қаласында индустриялды аймақ құру бойынша жоспарланған іс-шаралардың уақытылы өткізілмеуіне, 181,1 млн.теңгесі Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік желілер салу бойынша орындалмаған жұмыстар мен олардың кестеден кешігуіне байланысты, 170,2 млн.теңгесі Қарағанды облысында инженерлік коммуникациялар салу бойынша техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржы-экономикалық негіздемелерді, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге және жоспарланған іс-шаралардың уақытылы өткізілмеуіне байланысты орын алған.
«Бұл ретте, Атырау және Павлодар облыстарының әкімдіктері тыйым салуға қарамастан, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көзделген Ұлттық қордан берілген қаражатты инвестициялық жобалар арасында қайта бөлуге жол берген. Бұл бюджет заңнамасының бұзушылығы болып табылады және қайта бөлінген соманы 2017 жылғы 1 наурызға дейін Ұлттық қорға қайтару үшін республикалық бюджетке аудару қажет. 2017 жылғы 14 ақпандағы жағдайы бойынша жергілікті атқарушы органдармен қаражаттар қайтарылған жоқ», - деді Сұлтанов.