Атырауда 1 маусымда балаларға тегін тәттілер берілетіні туралы жалған ақпарат тарады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 1 маусымда балаларға тегін тәттілер берілетіні туралы жалған ақпарат тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, WhatsApp мессенджерінде ақпарат шындыққа жанаспайтын жалған аудиожазба тараған.

Онда «1 маусымда «Исатай-Махамбет» алаңында концерт болады. Барлығы да балалар үшін тегін. Балмұздақ, попкорн, мақта, кәмпит сияқты тәттілер сататындарға әкімдіктен ақша бөлініп, сағат 9:00-11:00 аралығында тегін таратылайын деп жатыр. Сонымен қатар, ойын құралдары бойынша да балалар тегін ойнатылады. Бір сөзбен айтқанда, ертегілер әлемі сынды қызықты іс-шара болады» делінген аудиожазбада.

Бұл ақпаратты облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мира Дәулетбаева жоққа шығарды.

«Біздің басқарманың ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында сағат 15:00-де «Дарын» ер балалар қорының концерті өтеді. Сол күні осы сағатта Ш.Сариев атындағы өнер музейінде көрме өтеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, сағат 12:00-де Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында «Алладин» ертегісінің қойылымы көрсетіледі. Одан кейін театр алдындағы алаңда концерттік бағдарлама ұсынылады. Басқарма тарапынан бұдан басқа іс-шаралар жоспарланған жоқ. Сондықтан, WhatsApp мессенджерінде тараған ақпарат жалған», -деп мәлім етті Мира Дәулетбаева.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі де жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып отыр.

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық оқушы бір айда полицияға 4 мәрте жалған хабар бергенін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар