Атырауда 10 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанып жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 10 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт, бүгін жергілікті уақытпен сағат 19:22-де тұтанған.

«Өрт 10 қабатты тұрғын үйдің шатырында тұтанып, 700 шаршы метр аумақты шарпыды. Облыстық төтенше жағдайлар туралы департаментінің күштік құралдары жалынды сөндіріп жатыр», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Белгілі болғандай, бұл – соңғы жылдары пайдалануға берілген «Лагуна» тұрғын кешені.

Жаңа тұрғын үй Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісұлы көшесінде №123 мекенжайында орналасқан.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық құтқарушыларға 7 өрт сөндіру депосы мен 214 техника қажет екенін жазған едік.

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, Атырау облысындағы аудандарда өрт сөндіру деполары апаттық жағдайда тұр.

«Бірінші кезекте Атырау облысына 7 өрт сөндіру депосын салу керек. Оның 3-еуі көлемінің екі есеге ұлғаюына байланысты Атырау қаласына, 1-еуі шаһар маңындағы Атырау ауылдық округіне қажет. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 1, Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында 1, Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде 1 өрт сөндіру депосы ашылғаны жөн», -дейді Әділ Жұбанов.


Соңғы жаңалықтар