Атырауда «103» нөміріне қоңырау шалушылар саны екі есе төмендеген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Коронавирустың жеңіл түріне және вирустық инфекцияларға шалдыққан науқастардан бөлек, облыс тұрғындары да дәрігерлер кеңесін онлайн режимде ала алады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. ⠀

Атырауда «103» нөміріне қоңырау шалушылар саны екі есе төмендеген

Облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаеваның айтуынша, қазіргі уақытта 103 нөмірі бойынша call-орталыққа хабарласушылар саны едәуір төмендеген.

«20 маусымнан бастап қоңырау шалушылар көп болды, тәулігіне 1300 қоңырау келіп түсетін. Ал қазір олардың саны - шамамен 720-730. Оның 300-ге жуығы - аудан тұрғындарынан. Осылайша келіп түсетін қоңыраулар 25 пайызға азайып, онлайн-консультация саны да кеміді. Хабарласушылардың көбі - дене қызуы көтеріліп, коронавирус инфекциясының белгілері бар-жоғын анықтағысы келетіндер, сондай-ақ, мұндай жағдайда не істеу керек, қайда барып, қандай ем қабылдау қажеттігін сұрайтын азаматтар», - дейді облыстық жедел жәрдем қызметі стансасы директорының міндетін атқарушы Наргиз Баймолдаева.

Айта кетейік, call-орталықтағы мамандар тұрғындарға қандай симптоматикалық ем қабылдау керектігін, қанша уақыт, қандай дәрі-дәрмекті ішу жайында түсіндіру жұмыстарымен айналысады және кеңес береді.

Бүгінде аталмыш орталықта 36 тәжірбиелі маман қызмет етеді. Олар 4 ауысымда, тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді.