Атырауда 11 колледж PlatonusCollege электрондық жүйесіне қосылады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында 118 мың 100 бала мектепке барады. Бұл туралы дәстүрлі тамыз конференциясы кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда 11 колледж PlatonusCollege электрондық жүйесіне қосылады

Білім басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы айтты.

«Жаңа оқу жылында 118 мың 100 бала партаға отырады. Оның ішінде бірінші сыныпта 15 мың 275 бала бар. Білім беру мекемелеріне мектеп оқулықтары мен оқу құралдарын беру үшін жергілікті бюджеттен 2 млрд 540 млн теңге бөлінді», - деді Қайырғали Кенжеғалиев.

Облыстың бас мұғалімі оқу жылының басында облыстағы білім мекемелерін дайындаудың маңызын атап өтті. Ағымдағы жылы 186 мектепті ағымдағы жөндеуге 328,2 млн теңге және күрделі жөндеуге 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 18 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Биыл 23 білім мекемесінде құрылыс жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін екі мектеп пен үш балабақша ашылады деп күтілуде. Қалғандарын жылдың аяғына дейін пайдалануға береміз», - деп атап өтті Қайырғали Кенжеғалиев.

Бүгінгі таңда облыстағы 193 жалпы білім беретін мектептің 172-сі кең жолақты интернетке қосылған.

Аймақта білім беруді цифрландыру бағдарламасы аясында «жол картасы» әзірленді. Бұл жұмыс облыстың кәсіптік-техникалық колледждерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда бір колледж «PlatonusCollege» автоматтандырылған электрондық жүйесіне қосылған. Жақын арада осы жүйеге тағы 11 колледжді қосу жоспарланып отыр. Бұл жүйе студенттерді оқу орындарына қабылдау үдерісін автоматтандырады және оқу процессінің жүйесін және оқу үрдісін бақылауды жеңілдетеді.

Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі балалар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков, Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Жанбота Қабдықаримов, Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов қатысты.

Баяндамашылар Қазақстанда енгізілетін оқытудың жаңа формалары, Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі, үш тілде білім беру жүйесі туралы айтып берді.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, білім беру саласында үлкен жұмыстар атқарылды.

«Экономиканы дамыту үшін бізге кәсіби кадрлар қажет. Мемлекет басшысы бұл міндетті алдымызға қойып отыр. Қазірдің өзінде жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік артып келеді. Олар мектеп кезінен бастап дайындалуы керек. Бұл - сіздер үшін маңызды міндет. Біз білім беру саласында туындайтын барлық мәселелерді жылдам шешуге тырысамыз. Жаңа мектептер, балабақшалар салынып жатыр, облысқа қажетті мамандарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сіздерге жас ұрпақпен жұмыс істеуде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған», - деді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі облыстың педагогикалық ұжымына жаңа оқу жылында шығармашылық табыс пен жемісті еңбек тіледі. Конференция аймақтың үздік оқытушыларын марапаттау рәсімімен аяқталды. Облыстың бірқатар оқу орындарының басшылары мен қызметкерлері төсбелгілер мен дипломдармен марапатталды.