Атырауда 16 жастағы қыз төрт күннен бері табылмай жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 16 жастағы қыз 4 күннен бері табылмай жатыр. Ол 6 сәуірде үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар депаратментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, іздестіру 7 сәуірден бері жүргізіліп жатыр.

«Атырау қаласының 2007 жылы туған тұрғыны 6 сәуір күні ата-анасына ескертпей, үйінен белгісіз бағытқа шығып, кері оралмаған. Осыған байланысты Төтеншеше жағдай департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің құтқарушылары Жайық өзенінде су астынан іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Су астынан іздестіру жұмысына жедел құтқару жасағынан 10 адам, 1 техника мен 2 жүзу құралы, Полиция департаментінен 5 адам, 1 техника тартылған. Құтқарушылар мен полицейлерге еріктілер, жергілікті тұрғындар көмектесіп жатыр.

«Атырау облысының тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Әсіресе, балаларды назардан тыс, қараусыз қалдырмаған жөн», - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда екі адам жоғалып кеткенін, оларды іздеуге тікұшақ жұмылдырылғанын жазған болатынбыз. Атырау қаласының маңындағы Алғабас ауылының екі тұрғыны 9 наурыз күні сағат 11:30 шамасында мал іздеуге шыққан. Елді мекеннен 50 шақырым ұзаған соң олармен байланыс үзілген.

Төтенше жағдайлар департаментіне бұл туралы бір күннен кейін хабар берілген. Жоғалғандарды әуеден іздеуге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы тартылды. Кейін олар аман-есен табылды.


Соңғы жаңалықтар