15:49, 29 Тамыз 2017 | GMT +5
Атырауда 17 жастағы жасөспірім 10-нан астам үйді тонаған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда 17 жастағы жасөспірім ұсталмас бұрын 11 үйді тонаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сот ісі барысында ҚР ҚК 188-бабы, 3-тармағы «Ұрлық жасау» бойынша айыпталып жатқан жігіттің бұрын сотталғаны анықталды. Сот оған 13 үйді тонағаны үшін шартты жаза тағайындаған еді. Алайда ол бұрынғы «кәсібін» қайта қолға алып, құны 5 млн теңгеден асатын 11 үйді тонады.
Айыпталушы сотта өз кінәсін толықтай мойындады. Кәмелетке толмаған жасөспірімге 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Зардап шегушілерге келтірілген материалдық залал оның заңды өкілі - әкесінен өндіріледі. Жасөспірім ұрыға қатысты қылмыстық іс Атырау облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.