Атырауда 18 жастағы жүргізушіден мылтыққа ұқсас қолдан жасалған қару тәркіленді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 18 жастағы жүргізушіден мылтыққа ұқсас қолдан жасалған қару тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 18 жастағы жүргізушіден мылтыққа ұқсас қолдан жасалған қару тәркіленді

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізушінің көлігі кеше, 15 қаңтарда түнгі сағат 1:30 шамасында тоқтатылған.

«Қазір Атырау қаласында патрульдік полиция мен криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 15 қаңтарда «Батыс–13» экипажы және криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері «ВАЗ – 2109» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Көлікті 2003 жылғы бозбала басқарғаны анықталды. Тексеру кезінде автокөліктің жүк салғышынан мылтық қаруына ұқсас қолдан жасалған зат табылып, айғақ зат тәркіленді», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аталған бозбала Атырау облысында жарияланған төтенше жағдай режимін бұзғандығы үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен әкімшілік жауапқа тартылды. Енді оның жаппай тәртіпсіздікке қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіден атыс қаруы тәркіленгенін жазған едік.