Атырауда 2-қабаттан құлаған 3 жасар бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 2-қабаттан құлаған 3 жасар бала аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа қарағанда, оқиға 25 шілдеде тіркелген.
«Үш жасар баланың жергілікті уақытпен сағат 18:00 шамасында Атырау қаласындағы «Береке» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің 2-қабатынан құлағаны анықталды. Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабының 1-бөлігімен (Жас баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) тергеу жүріп жатыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Орындық Сиплованың айтуынша, 3 жасар бала емдеу орнына сағат 18:48-де жеткізілген.
«Қазір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Науқасқа жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды», -деп мәлім етті Орындық Сиплова.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда самокатпен көлікке соқтығысқан 2 жасөспірімнің бірі жансақтау бөліміне түскенін жазған болатынбыз.
Полиция департаментінің мәліметінше, самокатпен келе жатқан 2013 және 2017 жылғы жасөспірімдер Hyundai Accent маркалы көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 6 жасар облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Кейін жансақтау бөліміне түскен 6 жасар баланың миы мен өкпесі зақымданғанын хабарлаған едік.
Дәрігерлер 6 жасар балаға «жабық бас-ми жарақаты мен өкпенің зақымдануы» деген диагноз қойған. Науқастың жағдайы жақсарып, травматология бөліміне ауыстырылған.