Атырауда 20 адамды алдаған алаяққа қатысты тергеу жүріп жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 20 адамды пәтерді жалға беремін деп алдаған алаяққа қатысты тергеу жүріп жатыр. Күдікті келісілген соманың жартысын алдын ала төлеуді ұсынып, ұлының есепшотына аудартып отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ақтөбелік әйел Атырау қаласынан элиталық пәтерлерді қолайлы бағаға жалға беремін деп 20 адамды алдаған.

«Күдікті OLX қосымшасы арқылы Атырау қаласындағы бірнеше шағынауданда пәтерлері бар екеніне сендірген. Жалға берілетін пәтер үшін келіскен соманың 50 пайызын алдын ала төлеуді өтініп, ұлының жеке есепшотына аудартып отырған. Қазір криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдікке ілінген 1980 жылғы әйелге қатысты 20 дерек дәлелдеді. Алаяққа алданғандардың арасында 9 атыраулық бар. Бұдан бөлек Нұр-Сұлтан, Тараз, Алматы, Қарағанды, Қостанай қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын да сан соқтырған. Осыған байланысты 11 дерек анықталып отыр», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын 45 млн теңгеге 3 пәтер алып беремін деп Алматы тұрғынын алдаған атыраулық әйел ұсталған болатын.

Полицияға Алматы қаласының 40 жастағы тұрғыны шағым түсірген. Жәбірленушіні 44 жастағы әйел Атырау қаласындағы элиталық үйлерден үш пәтер алып беремін деп сендірген.

Алаяқ үш пәтер үшін жәбірленушінің 45 млн теңгесін иемденіп алған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, алаяқтықпен айналысқан 44 жастағы атыраулық әйелді анықтады. Күдікті ұсталып, қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар
telegram