Атырауда 22 жастағы жігіт көшеде психотроптық дәрілерді сатқан

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 22 жастағы жігіт психотроптық дәрілерді сатып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 22 жастағы жігіт көшеде психотроптық дәрілерді сатқан

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, психотроптық препараттарды сатумен айналысқан азамат «Дәрмек» жедел-алдын алу іс-шарасы кезінде анықталған.

«Ол Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде психотроптық дәрілерді заңсыз сатып жүрген. Тексеру кезінде 1999 жылы туған жігіттен 58 дана Трамадол, 31 дана Трапикамед дәрі-дәрмектері алынды. Қазір ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабымен (Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалық айналысы саласының қағидаларын бұзу) Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Атырау облысы бойынша департаментіне шешім қабылдау үшін іс-құжаттар жолданды», - дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.

Оның айтуынша, «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 5 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, 2 медицина қызметкерінен Трамадол дәрісінің 69, Тропикамед дәрілік препаратының 1280 таблеткасы алынған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 36 жастағы әйел трамадол дәрісінің 60 данасын заңсыз сатқанын хабарлаған едік.