Атырауда 222 мектеп түлегі өңірлік грант бойынша білім алып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылы Атырау облысының үздік мектеп түлектері алғаш рет жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігіне ие болды. Атырау облысы әкімдігінің гранты бойынша білім алатын 222 студенттің қатарында Нұрсағида Амангелді де бар, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Атырауда 222 мектеп түлегі өңірлік грант бойынша білім алып жатыр

​​Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Нұрсағида Амангелді қажет құжаттарды тапсырып, берілген мүмкіндікке ие болған 222 студенттің бірі. Махамбет ауданының Таңдай ауылындағы мектепті бітірген ол қазір университетте «Педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Нұрсағидамен бір топта осы аймақтық грант бойынша тағы да 13 студент оқиды. Бакалавр дипломын алған соң студенттерге келісім шарт негізінде Атырау облысында мамандығына сай жұмыс ұсынылады.

​«Менің нақты мақсаттарым бар, болашағыма жоспар құрдым. Бес жыл мемлекетке жұмыс істегеннен кейін магистратураға түсіп, білімімді жетілдіремін. Келешекте университетте жұмыс істеп, маман дайындау ісіне үлес қосқым келеді. Біздің білімімізге салынған қаражат өтелетініне, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосатынымызға сенемін», - дейді студент.
null  

​Нұрсағиданың анасы Нұржамал Ырысқалиева жергілікті атқарушы органдар тағайындаған грант отбасына үлкен көмек болғанын айтады.

null ​«Ауылдағы қарапайым отбасыларға осындай қолдау көрсетіліп отырғанына ризамын. Балаларымызға жақсы жағдай жасалған, тегін білім алады, жатақхана берілді, жолақы төленеді. Біз өте қуаныштымыз», - дейді студенттің анасы.

null​Айта кетейік, 2017 жылы Атырау облысында жергілікті бюджеттен 222 білім беру гранты бөлінді. Қазір Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы жоғары оқу орындарында 178 болашақ педагог, 35 дәрігер, 9 мал дәрігері білім алып жатыр. Гранттар аймақтағы кадр тапшылығы бар салалар бойынша бөлінген.

​Облыс бойынша білім грантын алуға 252 өтініш түсті, солардың арасынан конкурстық іріктеу нәтижесінде үздіктер таңдалып алынды. Мемлекет есебінен білім алған студенттер алға қарай облыс аумағында жұмысқа орналастырылады.

​2017 жылы қаңтарда аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев білім беру гранттарын маман тапшылығы байқалатын салалар бойынша бөлу туралы жауапты тұлғаларға тапсырма берген еді. 2018 жылы облыс халқымен кездесуде Нұрлан Ноғаев мемлекет басшысының жоғары білім алудың сапасын көтеру мен қолжетімділігін арттыру туралы әлеуметтік бастамасы аясында өңірде оқуда үздік көрсеткіштерімен дараланған мектеп түлектеріне білім гранттарын бөлу жұмысы жалғасатынын атап өтті.