Атырауда 23 қыркүйекке дейін ыстық су беру тоқтатылады

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау қаласында ыстық су беру тоқтатылды. Ыстық су 23 қыркүйекке дейін берілмейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, ыстық су беруді тоқтату күрделі жөндеу кестесіне байланысты болып отыр.

«Атырау қаласындағы барлық жылу пунктінен ыстық су беру 12-23 қыркүйек аралығында толық тоқтатылды. Шаһар аумағындағы магистралдық жылу желілерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне байланысты осындай шешім қабылданды. Ал, 27-29 қыркүйек аралығында магистралды жылу желілеріне жоғары қысыммен сынақ жүргізіледі. Осыған байланысты жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін сынақ кезеңінде магистралдық құбырларға жақындамауды, жылу желілері учаскелерін тексеріп жүрген қызметкерлердің нұсқауларын орындауды сұраймыз», -деп мәлім етті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, бүгін, 12 қыркүйекте Атырау қаласының бірнеше көшесіндегі тұрғын үйлерге жарық беру тоқтатылды.

Бұған Атырау-Жарық» АҚ-ның электр желісінде жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізуі себеп болған.

Мәселен, Авангард-3 шағын ауданындағы 8 көпқабатты тұрғын үйге жарық сағат 10:00-16:00 аралығында берілмейді. Ал, Каспий шағын ауданы мен 10-нан астам көшедегі тұрғын үйлерге жарық беру кешкі сағат 17:00-ге дейін тоқтатылды. Сондай-ақ, 36 көшедегі тұрғын үй иелері кешкі сағат 18:00-ге дейін жарықсыз отырады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолаушы тасымалдау шығынын субсидиялау ұсынылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар