Атырауда 33 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Конституция күні қарсаңында атыраулық 33 отбасыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда 33 отбасы жаңа пәтер кілтін алды

Жаңа пәтерлер «Нұрсая» ықшамауданында бой көтерген 9 қабатты тұрғын үйлердің бірінен берілді. Баспаналы болғандардың дені 2013 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар.

- Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалға берілген пәтерлер. Бастысы, тұрғындар үшін қолайлы. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері, яғни 8 ай ішінде баспаналы болғандардың саны 257-ге жетті –деді тұрғын үй секторының меңгерушісі Рафхат Жолдиев.
Еске сала кетейік, өткен жылы тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы 257 отбасы баспаналы болған еді. Биыл, бұл көрсеткіш арта түспек. Себебі, 8 ай ішінде 250-ден астам отбасы пәтер кілтін алып үлгерді. Жыл аяғына дейін, тұрғын үй кезегіндегі азаматтардан бөлек, апатты жағдайдағы жатаханаларды да көшіру көзделіп отыр.