Атырауда 385 мас жүргізуші жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жыл басынан бері мас күйде рөлге отырған 433 жүргізушінің 385-і көлік басқару құқығынан айрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 385 мас жүргізуші жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айрылды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласы аумағында алкогольді ішімдік ішіп, автокөлік тізгіндеген 433 жүргізуші ұсталып, 385-іне қатысты ҚР Әкімшілк құқық бұзу кодексінің 608-бабымен әкімшілік хаттама толтырылған.

«Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен бұл жүргізушілер 15-тен 20 тәулікке дейін қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сот қаулысымен құқығынан айырылған 47 азаматқа қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 1-14 қыркүйек аралығында мас күйде көлік басқарған 30 жүргізуші ұсталған.

Олардың арасынан 24 жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 608-бабымен хаттама толтырылып, 15 тәулікке қамаққа алынған.

Тексеру кезінде 6 жүргізушінің бұдан бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталып, оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабымен тексеру басталған.