Атырауда 4 күн бұрын жоғалған азаматты іздеуге тікұшақ жұмылдырылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда із-түзсіз жоғалған 30 жастағы жігітті іздестіруге тікұшақ жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1991 жылы туған Наурыз Әйтекешов 5 ақпанда жоғалған болатын. Оны бір үйде тұратын тұрғындар өз бетімен іздеп-табуға тырысқан. 6 ақпан күні кешке іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінен 16 қызметкер, 7 техника, 2 кинологиялық есеп, облыстық Полиция департаментінен 10 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды.

«Жоғалған жігітті іздеуге 7 ақпанда «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалынан 20-ға жуық волонтер қосылды. Кейін 10-нан астам ерікті тұрғындар да іздестіруге қол ұшын созды. Төтенше жағдайлар департаменті арнайы техника бөлді. Тікұшақ та тартылды. Қайыршақты ауылдық округінің аумағындағы Жайық өзенінің жағалауы, жақын маңдағы елді мекендердегі көшелер мен аулалар тексерілді. Жоғалған жігіттің отбасы бұрын тұрған Қарабатан елді мекеніне бардық. Атыраудағы «Насиха» сауда орталығы орналасқан аумақта да барлау жүргізілді», - деп хабарлады «Қызыл жарты ай» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Әсия Құлжанова.

Қазір жоғалған жігітті іздеу жалғасып жатыр.


Соңғы жаңалықтар