17:52, 02 Ақпан 2019 | GMT +5
Атырауда 53 жастағы шетел азаматы директор болып заңсыз жұмыс істеген
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда жыл басынан бері 26 шетел азаматы ел аумағынан тысқары шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таяуда сот төрелігімен ҚХР азаматын ел аумағынан шығару жөнінде шешім қабылданды. 53 жастағы шетел азаматы облыс аумағына іскерлік визамен (ол визамен жұмыс жасауға рұқсат етілмейді) келіп, қаладағы компаниялардың бірінде қаржы директоры болып еңбек еткен.
«Көші-қон полициясы жүргізген жедел алдын алу шаралары нәтижесінде ҚР заңнамасын өрескел бұзғаны үшін 26 шетел азаматы елден шығарылған. Олардың 22-сі - Өзбекстан азаматы болса, 4-еуі - Қытай азаматы»,- деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетелік, 2019 жылы көші-қон саласы бойынша 594 әкімшілік заңбұзушылық анықталған.