Атырауда 600 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 600 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда 600 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды

Жаңа білім ордасы Атырау қаласындағы «Балауса» шағын ауданында бой көтерген. Құрылысы 2019 жылы басталып, былтыр аяқталған.

«Білім саласын дамыту – өскелең ұрпаққа тәрбие мен сапалы білім беру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасына сәйкес Атырау қаласында 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта Дамбы, Жаңаталап, Талғайран, Ақжар-2, Көктем, Бірлік, Еркінқала елді мекендерінде жаңа мектептер ашылады. Бұл қаладағы үш ауысымдық мектептердің санын азайтады. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектептің құрылысы басталады. Мақсат – балалардың тұрғылықты жері бойынша балабақша, мектепке баруына ыңғайлы жағдай жасау» -деді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи.

Жалпы білім беретін №43 орта мектебінің директоры Гүлжан Қайыржанованың айтуынша, М.Өтемісов атындағы орта мектептен 1-4 сыныптың 203 оқушысы мен 5 мұғалімі ауысып келген. Ал, жоғары сынып оқушыларын қабылдау мұғалім қатары толықтырылғасын жүзеге асады. Қазір жаңа мектепке 50 қызметкер мен 44 мұғалім қажет.

Үш қабатты білім ордасы толықтай заманауи үлгімен салынған. Сынып кабинеттері интерактивті тақтамен, зертхана бөлмесімен жабдықталған. Ал, асхана, спорт залы, жүгіру жолы, теннис, футбол, баскетбол, сырғанақ алаңдары, балалар ойнайтын лабиринт жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған.

Қазір білім ордасында оқуға 611 оқушы, мектепалды даярлық тобына 45 бала тіркелген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталғанын хабарлаған болатынбыз.