Атырауда 67 млн теңгенің заңсыз темекі өнімдері анықталды

None
Фото: Pexels
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында 67 млн теңгенің заңсыз темекі өнімдері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, заңсыз өнім рейдтік іс-шара кезінде анықталған.

«Кәсіпорын қызметін мемлекеттік кірістер органдарында темекі өнімдерін көтерме сатушы ретінде тіркеусіз жүзеге асырып келген. Одан 96 мың 69 қорапқа салынған заңсыз темекі өнімі анықталды. Заңсыз өнімнің жалпы құны - 67 млн 178 мың 454 теңге», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір салықтық тексеру актісі жасалды. Тексеру қорытындысымен жинақталған іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа берілетін болады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда заңсыз айналымнан 6,7 млн теңгенің темекі өнімдері алынғанын хабарлаған болатынбыз.

Облыстық мемлекеттік кірістер және экономикалық тергеу департаменттерінің қызметкерлері Атырау қаласындағы қоймалар мен дүкеннің біріне тексеру жүргізген.

«Бірлескен тексеру кезінде заңсыз сақталған электронды темекі, вейп-құрылғылар мен оларға сұйықтық түріндегі 2,5 мыңнан астам заңсыз темекі өнімі анықталды. Заңсыз айналымнан алынған темекі өнімдерінің нарықтық құны шамамен 6,7 млн теңге болады. Мұндай өнімдер сәйкестендіру құралдарымен таңбаланатын акцизделетін өнімдер санатына жатады. Сол себептен, темекі өнімдерінің заңсыз айналымының жолы кесілді», - деп мәлім еткен еді департаменттің баспасөз қызметінен.


Соңғы жаңалықтар