Атырауда 7 жыл құжатсыз жүрген шетелдік ұсталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 7 жыл құжатсыз жүрген шетелдік ұсталды. Қазір өзге ел азамат қабылдау-тарату орталығына орналастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда 7 жыл құжатсыз жүрген шетелдік ұсталды

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, учаскелік полиция қызметкерлері 1 қазаннан бері «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.

«Іс-шара кезінде тәртіп сақшылары 2015 жылдан бері құжатсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады. Аталған дерек бойынша 53 жастағы шетел азаматы Атырау қалалық полиция басқармасының қабылдау-тарату орталығына орналастырылды. Қазіргі уақытта шетел азаматына қатысты көші-қон полициясы тиісті іс-құжаттар жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолдайды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Бұдан бұрын Атырау қалалық полиция басқармасы мен Индер аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Өзбекстан Республикасынан келген 37 адамның рұқсат құжаты болмағанын және олар заңсыз жұмыс істеп жүргенін анықтаған болатын. Сот шешімімен 14 азамат ел аумағынан шығарылды.

Сондай-ақ өз еркімен ел аумағынан шығу туралы сот шешімін орындамай жүрген өзбекстандық 9 азамат анықталды. Шетелдіктер 19 қыркүйекте «Тәжен» бақылау бекеті арқылы ел аумағынан мәжбүрлеп шығарылған.

Еске салайық, Атырау облысында шетелдік 232 маманның жұмыс істеуіне рұқсат берілмегенін жазған болатынбыз.