Атырауда 810 мың теңге айыппұлын төлемеген жүргізуші ұсталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 810 мың теңге айыппұлын төлемеген жүргізуші ұсталды. Көлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, айыппұлын төлемеген жүргізуші 21 тамызда ұсталған.
«Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының бейнебақылау қызметкерлері Interceptor іздеу жүйесі арқылы Грузия елінде тіркелген Toyota Camry автокөлігін анықтады. Ал патрульдік полиция қызметкерлеріне автокөлікті Азаттық көшесінің бойында тоқтатты. Тексеру кезінде автокөлік жүргізушісінің 810 мың теңгеден астам 37 айыппұлын төлемей жүргені белгілі болды», - деп қалалық полиция басқармасынның баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері 27 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес хаттама толтырды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
«Көлік жүргізушілеріне жол ережесін қатаң сақтауды ескертеміз. Жол ережесін бұзғаны үшін айыппұлдарды мерзімінен кешіктірмей өтеу қажет», - деп мәлім етті қалалық полиция басқармасынан.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда төленбеген айыппұлы бар жүргізушілерден 30 млн теңге өндірілгенін хабарлаған болатынбыз.
Атырау қалалық патрульдік полиция батальонының командирі Дәурен Насиполланың мәліметінше, жеке сот орындаушылармен, мемлекеттік кірістер органының қызметкерлерімен бірге рейдтер өткізілген.
Бірлескен рейд кезінде айыппұлын төлемеген жүргізушілердің 500-ге жуық автокөлігі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 785-бабына сәйкес арнаулы тұраққа қойылды. Ал 700-ге жуық көлік құралының жүргізушілерінен 30 млн теңгеден астам төленбеген айыппұл өндіріліп алынды», - деп хабарлады Дәурен Насиполла.