Атырауда абайсызда адам өлтірген әскери 8 жылға бас бостандығынан айырылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент гарнизонының әскери соты абайсызда адам өлтірген әскериді 8 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы ауыр қылмысты кезекті еңбек демалысында жүріп жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Әскери соттың баспасөз қызметі берген мәліметке сәйкес, келеңсіз жағдай Атырау облысында болған. Арман есімді әскери қызметкер еңбек демалысы кезінде достарымен ішімдік ішеді. Сол жерде 39 жастағы Нұрмахан есімді танысымен сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан. Бұрыннан спортпен шұғылданатын әскери жігіт ауылдасын екі рет соққан. Салдарынан таяқ жеген жігіт есінен танып құлайды. Соңынан оның көз жұмғаны анықталады.
Кісі өлтірген жігіттің әскери қызметкер болуына байланысты бұл іс Шымкент гарнизонының әскери сотында қаралды. Тергеу құжаттарымен танысып шыққан судья 27 жастағы айыпталушыны кінәлі деп тауып, оны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтейтін болды.
Сот үкімі күшіне енді.