Атырауда академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай ғылыми конференция өтті
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда академик Салық Зимановтың 100 жылдығына орай республикалық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң ғылымының негізін қалаған заңғар заңгер мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция «Салық Зиманов және қазақ мемлекеттілігі: тарихы мен құқықтық дамуы» деп аталды. Еліміздің жетекші ғалымдары бас қосқан ауқымды іс-шарада Салық Зимановтың ғылыми мұрасы, Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастырудағы ролі кеңінен талқыланды.
Салық Зиманұлының есімін ел Тәуелсіздігінің тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Өйткені, оны шәкірттері бар ғұмырын, парасатты еңбек жолын елі мен жерінің мүддесіне арнап, мемлекетіміздің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері ретінде құрмет тұтады. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесі қалыптасып, мемлекеттік құқықтың салтанат құруына өлшеусіз үлес қосқан тұлға, Ата Заңның негізін қалаушылардың бірі.

Конференцияда онлайн форматта Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асанов, ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов қатысып, академиктің адами қасиеті, заң ғылымын жетілдірудегі үлесі туралы ойымен бөлісті. Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, белгілі құқықтанушылар мен академиктің шәкірттері естелік айтты.
«Академик Манаш Қозыбаев айтқандай, «Осы жұрт Зимановты біле ме?» деген өсиет ой – болашақта «Зимановтанудың» басты бағдары болып қалатыны ақиқат. Салық аға қан кешіп, мұз жастанған батыр әрі үлкен ғалым, еліміздегі заң ғылымының аяқтан тұруына зор үлес қосқан тұлға болатын. Зимановтың алдынан дәріс алған, үзеңгілес болған жандар көрнекті тұлғаның бекзат болмысын мақтанышпен айтып жүретін деңгейге жетуі – ғалымның ел үшін жасаған ерен еңбегінің жемісі», -деді ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов баяндама жасап, ғұлама ғалымның есімін есте қалдыру бағытындағы іс-шараларға тоқталды.
«Салық Зиманұлының ғасырлық мерейтойының Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің өзіндік мәні бар. Өйткені, қайраткердің есімі егемен елдің мемлекеттік тарихымен тұтасып жатыр. Ең биік мәртебе – ұлтымыздың дана ұлы ретінде елдің есінде сақталуы. Ендігі міндетіміз – оның атын, еңбектерін жас буынға кең көлемде насихаттап, есімін ұлттық деңгейде ұлықтау. Бұл конференция – дара тұлғаның өшпес мұрасы мен заң саласындағы ролін жаңа деңгейге көтерудің бастамасы», -деді Қайрат Бекенов.
Конфеоенция соңында Салық Зимановтың өмірі, еңбек жолы туралы тұүсірілген танымдық бейнекөрсетілім көрсетілді.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда академик Салық Зимановтың есімі мектепке беріліп, ескерткіші қойылғанын хабарлаған едік.

