Атырауда әлеуметтік маңызды тауарлар нарықтағы бағадан арзанға сатылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда әлеуметтік маңызды тауарлар нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзанға сатылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Атырауда тұрақтандыру қоры азық-түліктің төмен бағада сатылуын қамтамасыз етіп отыр. Өйткені, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тиісті мекемелерге әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтермеуді тапсырған.

Бұл өңірге азық-түлік пен көкөніс, жеміс-жидек пен тағамдардың барлығы дерлік сырттан әкелінеді. Сондықтан, жергілікті билік бағаның қымбаттамауын тұрақты бақылауға алған. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға қатысты қажетті тетіктер жасалған. Атап айтқанда, «Атырау» ӘКК» АҚ-мен жасалған келісімге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 15 түрі сауда нүктелерінде төмен бағада сатылып жатыр.

«Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік жобаларды іске асыру департаментінің менеджері Азамат Айтпаевтың айтуынша, ​«Идеал маркет» ЖШС-мен биылғы мамырда 400 миллион теңгеге келісімшарт жасалды.

«Келісімшартқа сәйкес, аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісінде әлеуметтік маңызы зор азық-түлік облыс әкімдігі бекіткен бағамен сатылады. Бұл – нарықтағы құнынан 10-15 пайызға төмен» -дейді Азамат Айтпаев.

Қазір тұрақтандыру қорында жергілікті көкөніс өнімінің 605 тоннасы бар.

«Сондай-ақ жергілікті «Агрофеликс» шаруа қожалығының қоймасында 361 тонна картоп, 79 тонна пияз, 49 тонна сәбіз, 114 тонна орамжапырақ сақталған. Барлық өнім қыс мезгілінде «Насиха», «Көктем», «Дина», «Сарайшық» базарлары арқылы сатылымға шығарылады» -дейді ​ «Атырау» ӘКК» АҚ мемлекеттік жобаларды іске асыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлмира Меңдалиева.

Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық ірімшік пен көкөністің бірнеше түрі енгізілген. Мәселен, бірінші сұрыпты бидай ұнының келісі 179 теңгеден, сиыр еті – 1860 теңгеден, тауық етінің келісі 630 теңгеден, нан 80 теңгеден сатылады. 3 тоннадан астам өнім сатылған еді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 13 тоннадан астам өнім сатылды.



Соңғы жаңалықтар