Атырауда алғаш рет «инфо-донор» бағдарламасы іске қосылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда алғаш рет «инфо-донор» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама еліміздің батысында тек Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Атырауда алғаш рет «инфо-донор» бағдарламасы іске қосылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Атырау қан орталығына енгізілді. «Инфо-донор» іске қосылған 1 ай көлемінде 656 адам электронды тіркеуден өтіп, донор болуға ниет білдірген. Оның 473-і қан тапсыруға жарамды болып шықты.

«Инфо-донор» бір ғана жеке куәлік арқылы донордың орталықтағы маршруттарын автоматты түрде анықтап, реттеп отырады. Яғни, маршрут мынадай: тіркеу бөлімі - алдын-ала тексеру зертханасы - терапевт қабылдау - қан тапсыратын зал. Донор осы бағыт бойынша жүріп, барлық бөлімдерде тіркеуден өткеннен кейін ол туралы ақпарат жедел  электронды түрде жетеді.

«Аталған бағдарлама іске қосылғалы жұмысымыз жеңілдеді. Мамандар жедел түрде кезектегі донорды қабылдап, талдауларын анықтап, қан тапсыруға жібереді. Донордың сараптама нәтижелері, жұмыстың орындалу барысы жүйеде бақылауда болады. Тұрғындардың да уақыт үнемдеуіне қолайлы»,-дейді қан орталығының директоры Жәңгірхан Бахонов.

Айта кетелік, бағдарлама арқылы Атырау облысында тіркеуде тұрған донор жеке куәлігі арқылы жүйе іске қосылған Қазақстанның  басқа қалаларында да тексеріліп, донор бола алады.

null