Атырауда апат қаупі жоғары жолдарға 400 метр жасанды кедергі орнатылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында апат қаупі жоғары жолға 400 метр жасанды кедергі орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл шаһарда және оған іргелес орналасқан ауылдардағы апат қаупі жоғары жолдарға 400 метр жасанды кедергі орнатылған.
Бұл әлеуметтік нысандар мен балалар ойын алаңдарының маңындағы көлік жылдамдығын шектеу арқылы қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жасалған.
«Жол инфрақұрылымына қатысты жұмыстар тұрғындардың өтінішіне сәйкес жүргізіледі.. Мәселен, Дамбы селосының тұрғындары Р. Мырзағалиев көшесі мен Ф.Оңғарсынова мектебінің алдына жасанды жол кедергісін орнатуды сұрап, қала әкімі Қайрат Оразбаевтың атына өтініш жазды. Тұрғындар өтініші шешімін тапты. Биыл қалада жаңартылған 35 мың шаршы метр жолтаңбаның 13 мыңы термопластиктен дайындалды» дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мұқтар Сағындықов.
Оның айтуынша, мұндай кедергілер «Береке» және «Жұлдыз» шағынаудандарында тұрғындардың сұрауымен салынған.
Биыл Атырау қаласында 300 жол белгісін орнату жоспарланған. Оның 53-і «Атырау-Еркінқала» жолында орнатылған.
Өзгелері жол белгілері ескерту мақсатында «Сергек» кешенді жүйесі орналасқан жерге қойылған.


