Атырауда әскери бағытта оқытатын «Сармат» мектеп-интернаты ашылды

None
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда әскери бағытта оқытатын «Сармат» мамандандырылған мектеп-интернаты ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, бүгін 204 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Оның ішінде 5 жаңа мектеп бар. Бұл білім ордаларының 1-сыныбына 12 мыңнан астам оқушы қабылданған.


Жаңа білім ордасының бірі – Жаңаталап ауылындағы «Сармат» мамандандырылған мектеп-интернаты. Алғаш рет есігін ашқан білім ордасының 7,8 және 9-сыныбында 150 оқушы оқиды. Оқушыларға 14 мұғалім дәріс береді. Ал келесі жылы оқушылар санын 300-ге жеткізу көзделген.


«Бұл білім ордасында оқушыларға жалпы біліммен бірге әскери істің қыр-сыры оқытылады. «Сармат» мектеп-интернаты – көптен күткен жобаның бірі. Ғимарат құрылысы басталғалы бері оның концепциясы, тәрбиелік жұмыс бағыты жасалды. Мектеп-интернатқа қабылдану үшін оқушылар норматив тапсырып, тестілеуден өтті. Оқушылардың арасынан үздіктер таңдалып, қабылданды. Білім мен тәрбие – ажырамас ұғым. Мұнда оқушыларға сапалы білімге қоса, ұлттық тәрбие беріледі. Осында дәріс алатын әр түлек Отанына адал қызмет ететін офицерлер корпусының қатарын толықтырады», - деді Жасұлан Бисембиев.


«Сармат» мамандандырылған мектеп-интернатында жаратылыстану-математика бағытындағы физика, биология, химия, география пәндері тереңдетіліп оқытылады. Сондай-ақ әскери бейіндік пәндер бар. Қосымша спорт, алғашқы әскери дайындық, би, ән, домбыра сынды үйірмелері бар.

Мектеп-интернаттың 3 қабатты жатақханасы бар. Оқушыларға әскери үлгідегі киім, 5 мезгіл тамақ тегін беріледі. Пәндік сыныптардан бөлек, әскери дайындық үшін арнайы жаттығу алаңы, заманауи зертханалар және кітапханамен қамтылған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 11 мектеп үш ауысымда оқытуды жалғастыратынын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар