Атырауда Астана күні қарсаңында 195 отбасына пәтер кілттері табысталды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 195 отбасына «Береке» ықшамауданында орналасқан тұрғын үйдің пәтер кілттері табысталды. Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында беріліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Барша жиналған қауымды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов құттықтап, жаңа пәтердің кілттерін тапсырды.
«Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, Атырауда мемлекет басшысы бекіткен бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Біз тұрғындардың барлығына қолжетімді болуы үшін құрылысты белсенді түрде жүргізудеміз. Осындай жарқын мейрамда, ел астанасының төл мерекесінде 195 отбасы қоныс тойын тойлады», - деді Полымбет Хасанов.
Айта кету керек, 2018 жылы облыста 3892 пәтерлік 44 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Биыл 34 үй пайдалануға беріледі. Облыс орталығында 39 үй салынса, қалғаны аудандарда. Сонымен қатар, бұл - тәуелсіздік жылдарындағы аймақтағы тұрғын үй құрылысы үшін рекордтық көрсеткіш.