Атырауда аттракционнан құлаған төрт бала жеңіл жарақат алған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау қаласында аттракционнан құлаған төрт бала жеңіл жарақат алған. Бірақ, балалардың ата-аналарынан шағым түспеген. Қазір аттракцион уақытша жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұдан бұрын Атырауда аттракционның әткеншегі үзіліп, балалар жерге құлағанын хабарлаған едік.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 141-бабы (Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Керемет жағалау» аттракционындағы әткеншектің құлауынан төрт бала зардап шеккен.
«Аттракциондағы әткеншек құлаған кезде жедел жәрдем бригадасы шақырылды. Жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен төрт баланы облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Аурухана дәрігерлері зардап шеккен балаларды толық медициналық тексеруден өткізіп, олардың жарақаты жеңіл екенін анықтады. Балалар үйіне жіберілді. Енді олар тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Ал, «Керемет жағалау» балалар ойын алаңының басқарушысы Манас Серікқалиевтың айтуынша, жеңіл жарақат алған балалардың ата-аналарынан шағым түспеген.
«Бізге жарақат алған балалардың ата-аналары қолхатын берді. Олардың тарапынан шағым түскен жоқ. Зардап шеккен балалар үш күнге дейін біздің де бақылауымызда болады. Аттракциондағы әткеншек орындықтары бекітілген желінің үзілуіне байланысты тексеру жүргізіледі. Оның себебі тексеру аяқталған соң қосымша хабарланады. Қазір ойын алаңы жабылды», -деп мәлім етті «Керемет жағалау» балалар ойын алаңының басқарушысы Манас Серікқалиев.