Атырауда ауада күкіртсутегі көрсеткіші бірнеше есе өскен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 31 тамызынан 1 қыркүйегіне қараған түні Атырау қаласының ауасында жағымсыз иіс пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

Атырауда ауада күкіртсутегі көрсеткіші бірнеше есе өскен

Осы себепті Атырау облысы бойынша экология департаменті мен «Қазгидромет» РМК АФ тарапынан ұсынылған ауа сапасын бақылау станцияларының мәліметтеріне талдау жүргізіліп, нәтижесінде келесілер белгілі болды.

Жоғарыда көрсетілген уақытта қаланың атмосфералық ауасында ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» құжатындағы рұқсат етілген шекті шоғырланудан (ПДК) күкіртсутегі көрсеткішінің бірнеше есе өсу дерегі анықталды, яғни осы гигиеналық нормативтерді бұзушылық орын алған.

Атап айтқанда, №109 «Восток» станциясында 5,3 есе, №103 «Шағала» станциясында 5 есе, №112 «Акимат» станциясында 3,2 есе, №114 «Загородная» станциясында 3,9 есе және №108 «ТКА» станциясында 9,23 есе өскен.

Талдау көрсеткендей, сол мезгілде желдің бағыты оңтүстік-шығыс, жылдымдығы 4 м/с, ылғалдылық 760, ауа температурасы 320С құрағаны және бұл бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің объектілері орналасқаны белгілі болды.

Өз кезегінде, Департамент «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізуде және нәтижесі бойынша анықталған экологиялық бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады.

«Бұдан бөлек, жоғарыда көрсетілген гигиеналық нормативтерді бұзушылық дерегі бойынша «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ін әкімшілік жауапқа тарту үшін Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне құжаттар жолданды»,-делінген хабарламада.


Фото: t.me/EcologyofQazaqstan