Атырауда аудандық ІІБ басшысының өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Исатай аудандық ІІБ басшысы Алтынбек Құбайдоллиннің өлімінен кейін «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Қылмыстық іс ҚР ҚК 102 бабы бойынша қозғалды. Мұнда адамды өз-өзін өлтіруге дейін жеткізгені үшін жаза қарастырылған», - деп хабарлады аймақтық ІІД баспасөз қызметінен. Айта кетейік, осыған дейін бұл оқиғаға қатысты заңсыз ұстағаны үшін жаза қарастырылған ҚР ҚК 346 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Еске сала кетейік, 21 сәуірде қаржы полициясының қызметкерлері Алтынбек Құбайдоллинді 250 мың теңге көлемінде пара және 3 келі бекіре уылдырығын алып жатқан жерінде ұстаған болатын. Құқық саласындағы лауазым иесіне қатысты браконьерлік әрекеттерге жәрдемдесті деген күдік болған. Тергеу кезінде ол денсаулығының нашарлағанына шағымданған. Шақыртылған медицина қызметкерлері оның қан қысымының көтеріліп кеткенін айтқан соң ол ауруханаға жатқызылады. Медициналық жәрдем көрсетілгеннен кейін күдікті ауруханадан қашып кетіп, ізін суытқан. Тек жексенбі күні оның өлі денесі құрылыс нысандарының бірінен табылды.