Атырауда аудандық ІІБ бастығын заңсыз ұстау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
"Қылмыстық іс заңсыз ұстағаны үшін жазаны көздейтін ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша қозғалды. Нақты тұлғаларға қатысты емес, ұстау фактісі туралы іс қозғалды", - деп хабарлады қайтыс болған азаматтың отбасының адвокаты Мақсұт Түленбаев.
Өлім фактісі туралы да қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Бұл істі тергеу арнайы прокурорға берілді. Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 сәуір күні Алтынбек Құбайдоллинді қаржы полициясы 250 мың теңге және үш келі қара уылдырықты (қара нарықтағы бұл уылдырықтың келіснің құны қазір 200 мың теңге көлемінде) параға алып жатқан кезде қолға түсірген. Тергеу барысында күдікті өзін жайсыз сезініп, артынша ауруханаға жатқызылады. Алайда ол емдеу мекемесінен қашып кетеді. Оның мүрдесін полицейлер жексенбі күні қала орталығындағы құрылыстардың бірінен тапқан. Алдын ала болжам бойынша ол асылып өлген.