Атырауда ауған әскерлеріне ескерткіш ашылды (ФОТО)
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраудағы Жеңіс саябағында Ауғанстанда қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар мен офицерлерді мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатылды.
«Біз жарияланбаған соғыста қаза тапқан батырларды, сондай-ақ Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында жауынгерлік іс-қимылға қатысқан қазақстандық әскерлерді ұмытуға хақымыз жоқ. 1979-1989 жылдар кезеңінде интернационалдық борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі үшін 86 әскер Кеңес Одағының Батыры атағына лайық болды. 2000-нан астам адам мемлекеттік наградалармен марапатталды, оның ішінде 45 әскер - Атырау облысынан», - деді ескерткіштің ашылу рәсімінде Атырау облысы әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетов.
Гранит тасқа сол соғыста қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен атыраулық 29 интернациолист-жауынгерлердің, сондай-ақ ішінде атыраулық жігіттер болған тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 43 қазақстандықтың есімдері қашалып жазылды.