Атырауда аурухана директоры кәсіпкердің жұмысына ақша аудармай қойған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында аудандық аурухана директоры кәсіпкердің қызметіне 6 млн теңге аударудан бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырауда аурухана директоры кәсіпкердің жұмысына ақша аудармай қойған

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне Құрманғазы ауданында тұратын кәсіпкер шағыммен жүгінген.

«Кәсіпкер Құрманғазы аудандық ауруханасының климаттық жабдықтарына техникалық қызмет көрсеткен. Алайда, аудандық орталық аурухананың басшылығы кәсіпкерге бұл қызметі үшін шамамен 6 млн теңге көлемінде қаржы аударудан бас тартқан. Осыған байланысты кәсіпкер біздің департаментке шағым түсірді. Осыған байланысты департаменттің қызметкерлері жедел тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде Құрманғазы аудандық ауруханасының басшылығы кәсіпкердің алуы тиіс қаржысын толығымен төледі», -деп хабарлады өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.

Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры тарапынан кәсіпкер қызметі үшін қаржы аударудан бас тарту екінші рет қайталанған.

Сол себептен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаменті тиісті органдарға ұсыныс берген.

Есе сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында кедергіге тап болған кәсіпкерлер Антикорға шағымданғанын хабарлаған едік.

«Құрманғазы ауданындағы кәсіпкерге орталық аурухана басшылығы азық-түлік жеткізгені үшін 1 миллионнан астам теңгені төлеуден бас тартқан. Тексеру жүргізіліп, ауруханадан кәсіпкердің есеп шотына аударылды», -деп мәлім еткен еді департамент басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерұлан Серікқалиев.