Атырауда ауруханадағы өрт салдарынан 109 науқас эвакуацияланды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облыстық ауруханасындағы түтінге ұласқан тұтану салдарынан 109 науқас қауіпсіз аумаққа көшірілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Атырауда ауруханадағы өрт салдарынан 109 науқас эвакуацияланды

«Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бүгін Атырау облыстық ауруханасының консультациялық-диагностикалық бөлігінде өрт шыққанын хабарлады. Барлық азаматтар дер кезінде эвакуацияланды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу салдарын анықтау бойынша тексеру жүргізіліп жатыр», - деп мәлім етті облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда Атырау облыстық ауруханасында 320 науқас ем алып жатыр.

109 адам қауіпсіз аумаққа көшірілді. Барлық емделушілер ескі және орта корпустарға ауыстырылды. Олар ревматология, урология, эндокринология және гинекология бөлімшесіндегі сырқаттар.