Атырауда ауыл көшелеріне жарықдиодты шамдар орнатылуда

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда қала маңындағы үйлердің аулаларын жарықтандыру мәселесі шешілуде. Осыған дейін Геолог ауылының тұрғындары көшелерде жарық шамдарының жоқтығына шағымданған болатын, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.

Атырауда ауыл көшелеріне жарықдиодты шамдар орнатылуда

Атырау әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай,  осы күндері Геолог ауылдық округінде көшелерді жарықтандыру проблемасы белсенді түрде шешілуде. Жақында мұнда 62 үйдің аулаларына жарықдиодты шамдарды орнату жобасы аяқталды.

«Біз екі апта бойы үнемделген бюджет қаражаты есебінен аулаларды жарықтандыру жұмысын жүргіздік. Үйлерге  шамдарды орнатуды «Бекжан» ЖК жүзеге асырды», - дейді Геолог ауылдық округінің әкімі Қуандық Жақиялиев.

Жоба шеңберінде 50 ватт және 75 ватт энергияны үнемдейтін 35 электрод сатып алынды. Олар үйлер мен әлеуметтік мекемелердің  алдына орнатылды.

2018 жылы Геолог ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде бес көшені қамтитын 3,3 км көше жарықтандырылды. Жаңа жылда МЖӘ шеңберінде тағы 6 көшені жарықтандыруды жоспарлап отырмыз», - деп түсіндірді Қуандық Жақиялиев.

Айта кетейік, «Атыраудағы көшелерді жарықтандыру желілерін салу және пайдалану» 2017 жылдан бастап мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылады. 2019 жылы қосымша екі МЖӘ жобасы аясында қаланың 192 көшесіне жарық орнату жоспарлануда.