Атырауда ауыл мұғалімдеріне сауықтыру үшін берілетін 10,8 млн теңге кешігіп төленген

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда ауыл мұғалімдеріне сауықтыру үшін берілетін 10,8 млн теңге кешігіп төленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Өткен жылдың 13 маусымында облыстық салалық кәсіподаққа Дамбы өнер мектебінің 43 педагогы арызданған.

Мұғалімдер бірнеше жылдан бері сауықтыру жәрдемақысының нақты оқу жүктемесіне сәйкес төленбей, оқу жылының алдында ғана бекітілген тарифпен берілгеніне шағымданған.

​«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі аталған шағымға байланысты облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының көмегіне жүгінген. ​

Ұстаздар арызына орай басқарма тарапынан арнайы тексерулер жүргізіліп, барлық талап-тілектер зерделенген.

Бұл мәселе былтырғы 30 қарашада Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында талқыланған.

«Атырау облыстық білім басқармасына Дамбы өнер мектебінің және басқа да оқу орындарында жұмыскерлерге берілетін нақты жұмыс жасаған жүктемелері тарификацияға сәйкес сауықтыруға арналған тиісті төлемдерді қайта есептеу, қажетті қосымша қаржы бөлініп, берілуін қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. ​Жуырда Дамбы өнер мектебі директорының міндетін атқарушы Ғалымжан Сұлтанов қызметкерлердің 2021–2022 оқу жылындағы сауықтыру қаржысы толықтай төленгенін жеткізді. Осы мектептің 88 мұғаліміне бюджеттен 10 млн 885 мың 257 теңге төленіп отыр. Осылайша облыстық салалық кәсіподақтың көмегіне жүгінген педагогтардың талаптары орындалды», -деп хабарлады салалық кәсіподақтың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жұмысшы құқығын бұзған 21 кәсіпорын 4 млн теңге айыппұл төлегенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар